Қазақ хандығының құрылуы
Қазақ хандығының құрылуы
28.09.2017 14:05
55
0

Қазақ тарихының атасы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551) өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде Қазақ хандығының құрылуын хижраның 870 ж. деп көрсетеді. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша 1465–1466 ж. сəйкес келеді. Ата дəстүр бойынша Қазақ хандығының тақ иесі жасы үлкен Керей хан болды да, қазақ тарихындағы айрықша тұлға Жəнібек Орданың ақыл иесі болады. Керей мен Жəнібек өз ұлыстарымен атамекені Сыр бойына оралып, осында Керей ханның басшылығымен алғашқы Қазақ Ордасының іргесі бекіген. Оның маңындағы ру, тайпаларға бөлінген халықтар осында өз еркімен қосылып іргелі елге айналды.  Жəнібек Барақұлы — Қазақ Ордасының тұңғыш ханы Кереймен бірлесіп, Қазақ мемлекетінің іргесін қалаушылардың бірі. Əкесі Барақ XV ғасыр басында Ақ Орда мен Алтын Орданы билеген. Жəнібектің ата-бабалары ел билеп, мемлекет билеушісі, хандық құрған адамдар болса, өзі 1473–1480 жылдары қазақ ханы болды.
Керей хан мен Əз Жəнібек хан екеуі қол ұстаса қимылдап, Қазақ хандығының күш-қуатын еселеп арттырып, мəртебе-мерейін аспандата көтерді. Қазақ Ордасының астанасы қасиетті Түркістан қаласы, біртұтас қазақ халқының ұраны — «Алаш», мемлекеттің таңбасы — «Төре таңба» болып белгіленді. Басқаруға қолайлы болу үшін жалпы қазақ қауымы үш жүзге, жүздер ұлыстарға, ұлыстар арыстарға, арыстар тайпаларға, тайпалар руларға, рулар аталарға, аталар ауылдарға бөлінді. Жүздерді кіші хандар, ұлыстарды сұлтандар, тайпаларды билер, руларды рубасылар, аталарды ақсақалдар, ауылдарды ауылнайлар басқарды.
 Əз Жəнібек хан қазақ жұртының іргесін бекітіп, Ордасын орнықтырған Ұлы хан ғана емес, сол халықтың бар жақсылығына ұйытқы болған Ұлы əулеттің де негізін салушы.
 1468 жылы қарсыластарының күшейіп кетуінен қорыққан Əбілқайыр хан қазақ хандарына қарсы жорыққа шықты, алайда жолда ауырып, қайтыс болды. Ол өмірден өткен cоң Əбілқайыр хандығы құлады. Бұл жағдай 1469–1470 жылдары қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақ жеріне қайта оралуына мүмкіндік берді. Бұл жерде оларға қарсылық ұйымдастыру Əбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбанидың ғана қолынан келді. Қазақ хандарының онымен күресі алма-кезек нəтижемен XV ғасырдың соңына дейін созылды. Өзбек тайпаларының бір бөлігін басқарған Шибан ұрпақтары Мұхаммед Шейбани басшылығымен XVI ғасырдың басында Қазақстан аумағынан Орта Азияға кетті. Онда олар Əмір Темірдің ұрпақтарын талқандап, жаңа мемлекет құрды.

0 пікір